Astana Hub AI саласындағы жастарға арналған жаңа бағдарламаны іске қосты
Astana Hub QAIRU студенттеріне арналған Alem AI Talent Lab бағдарламасын іске қосты. Жастар AI-стартаптарын дамытуға мүмкіндік алады.
Astana Hub Qazaq AI Research University (QAIRU) студенттеріне арналған Alem AI Talent Lab қолдау бағдарламасын іске қосты. Бұл бастама жасанды интеллект саласындағы дарынды жастарды қолдап, AI мамандарының жаңа буынын даярлауға бағытталған.
Бағдарламаға қатысушылар кәсіби даму, ғылыми-зерттеу және технологиялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ өз AI-стартаптарын іске қосу үшін қосымша мүмкіндіктерге ие болады.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиевтің айтуынша, Alem AI Talent Lab талантты жастарға идея мен ғылыми-зерттеуден бастап, өз өнімін жасап, технологиялық бизнес құруға дейінгі жолды ұсынады. Ол жастарға Astana Hub экожүйесіне қолжетімділік беруді мақсат ететінін, онда олар сарапшылар, серіктестер мен қолдау таба алатынын, ал перспективалы жобалардың уақыт өте келе жаһандық компаниялар мен бірегей стартаптарға айналуы мүмкін екенін атап өтті.
Alem AI Talent Lab Alem.ai экожүйесінің құрамдас бөлігі ретінде студенттерге практикалық дағдыларын дамытуға, индустрияның нақты міндеттерімен жұмыс істеуге, Astana Hub мүмкіндіктерін пайдалануға және Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған бастамаларға қатысуға мүмкіндік береді.
Qazaq AI Research University (QAIRU) ректоры Сапар Тоқсанов университеттер тек маман даярлап қана қоймай, жаңа технологиялар, зерттеулер мен компаниялар пайда болатын ортаны қалыптастыруы тиіс екенін айтты. Ол QAIRU дәл осындай AI-enabled университет моделін дамытып жатқанын, ал Astana Hub-пен жасалған меморандум студенттер мен зерттеушілердің мүмкіндіктерін кеңейтетінін жеткізді. Олар технологиялық кәсіпкерлік экожүйесімен жұмыс істеп, өз жобаларын дамытуға қолдау алып, инновациялық шешімдерді нарыққа жылдамырақ шығара алады.
Бағдарлама заманауи AI технологияларын пайдалана алатын, инновациялық шешімдер әзірлейтін, ғылыми-зерттеулер жүргізетін және технологиялық өнімдерді халықаралық нарыққа шығара алатын мамандарды даярлауға бағытталған.
Бағдарламаға барлық қызығушылық танытқан студенттер қатыса алады. Ол үшін QAIRU ақпараттық жүйесі арқылы қатысуға келісімін растау қажет. Қатысу тәртібі туралы толық ақпаратты университет ұсынады.




