Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Павлодардағы Data Center Valley: 2027 жылы алғашқы дата-орталық іске қосылады

Павлодар облысындағы Data Center Valley жобасының бірінші нысаны 2027 жылы маусымда іске қосылады.

Павлодардағы Data Center Valley: 2027 жылы алғашқы дата-орталық іске қосылады
Сурет: inform.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» (Data Center Valley) жобасының барысы туралы жиын өткізді. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясындағы жұмыс.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Қуаты 50 МВт болатын алқаптың бірінші нысанының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Энергия орталықтары мен AI-фабрикалардың ғимараттарына арналған қазаншұңқырларды дайындау 90%-ға аяқталған. Энергия орталықтарының іргетасы қаланып, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар салынуда.

Сурет: inform.kz

2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін дата-орталық пен энергоблоктардың, әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, бақылау-өткізу пункттерінің және сыртқы инженерлік желілердің бір бөлігінің негізгі корпустары тұрғызылады. Іске қосу-жөндеу жұмыстары 2027 жылдың мамырында аяқталып, бірінші нысан 2027 жылғы маусымда пайдалануға беріледі.

Алаңның инженерлік инфрақұрылымы да дамып келеді. Жобаны энергиямен қамтамасыз ету үшін қуаты 215 МВт қосалқы станса сатып алынды. Сумен жабдықтау желілерінің жобасы әзірленіп, телекоммуникациялық инфрақұрылым жобасы жасалуда. Құрылыс алаңында тәулік бойы жұмыс істейтін онлайн-бейнебақылау жүйесі орнатылған. Data Center Valley-дің ұзақмерзімді энергетикалық әлеуеті жалпы қуаты 1 ГВт-қа дейін кезең-кезеңімен кеңейтілмек.

Жоба деректер орталықтарын, AI-фабрикаларды, GPU-кластерлерді және халықаралық гиперскейлерлердің бұлтты платформаларын орналастыруға арналған алаң болмақ. Оны жүзеге асыру Қазақстанда цифрлық экономиканың экспортқа бағдарланған жаңа секторын құрып, жасанды интеллект саласындағы отандық шешімдерді әзірлеуге IT-инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.

Сурет: inform.kz

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Data Center Valley Қазақстанның жаңа экспорттық әлеуетін қалыптастырады. Есептеу қуатын ел ішінде орналастыра отырып, отандық AI-шешімдерді дамытуға, жаһандық компанияларды тартуға және Қазақстанның халықаралық цифрлық қызметтер нарығына шығуына жағдай жасалады.

Firebird AI және NVIDIA халықаралық технологиялық серіктестерімен бірлесіп, Data Center Valley базасында жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және жаңа буынның цифрлық қызметтерін дамыту үшін заманауи экожүйе құрылады. Қосымша IT-қуаттарды құру бойынша бірқатар шетелдік компаниямен ынтымақтастық пысықталуда. Келіссөздер жаңа инвесторлар мен негізгі клиенттерді тартуды, өнімділігі жоғары есептеу кластерлерін орналастыруды және бұлтты қызметтерді дамытуды қамтиды.

Бағдат Мусин бірінші кезектегі міндет — бірінші нысанның құрылысын 2027 жылдың маусымында аяқтау екенін атап өтті. Сонымен қатар клиенттер тарапынан расталған сұранысты ескере отырып, кампус қуатын дәйекті түрде арттыруға мүмкіндік беретін инженерлік негіз құрылуда.

Сурет: inform.kz

Жиында Қазақстанда шет мемлекеттердің деректерін олардың толық заңды егемендігін сақтай отырып орналастыруды көздейтін Cloud First Policy (Data Embassy) жобасын дайындау барысы да қаралды.

Олжас Бектенов Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жобаның маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, Data Center Valley жобасын іске асыру Қазақстанның технологиялық егемендігін нығайтып, жасанды интеллектіні дамытуға қажетті инфрақұрылымдық негіз қалыптастырады және еліміздің жаһандық есептеу қуаттары нарығындағы рөлін арттырады.

«Жаңа Конституцияның қабылдануымен Қазақстан экономикасын одан әрі жаңғырту және жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру мүмкіндіктері кеңейтілуде. „ДӨО алқабы“ жобасы — ірі инфрақұрылымдық жоба ғана емес, бұл біздің еліміздің одан әрі технологиялық дамуының негізі. Оны жүзеге асыру Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Жасанды интеллект пен бұлтты сервистердің қуатты базасын қалыптастыру бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік AI хабы ретіндегі рөлін күшейтеді. Жобаны уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет, бұл үшін барлық жағдайлар жасалған», — деді Олжас Бектенов.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құрылыс жұмыстарының уақтылы орындалуын қамтамасыз ету және жаңа әріптестерді тарту үшін шетелдік технологиялық компаниялармен өзара іс-қимылды кеңейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.