Өскемен ЖЭО-да жаңа энергоблок құрылысы басталды
Өскемен ЖЭО-да жаңа энергоблок құрылысы басталды. Жоба 2030 жылға дейін аяқталып, станцияның қуатын арттырады.
Өскеменде жылу электр орталығының жаңа энергоблогының құрылысына арналған салтанатты іс-шара өтіп, уақыт капсуласы салынды. Жиынға Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, қаржы ұйымдары мен «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының өкілдері қатысты.
Өскемен ЖЭО қаланың орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету қажеттілігінің шамамен 85 пайызын өтейді. Қалада жаңа тұрғын аудандар мен әлеуметтік нысандар салынып, өнеркәсіптік өндіріс кеңеюде, бұл жылу мен электр энергиясына сұранысты арттырады.
Жоба аяқталған соң станцияның жылу қуаты 130 Гкал/сағ, ал электр қуаты 100 МВт-қа артады. Құрылысты 2030 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Жаңа қуаттар жылу энергиясының тапшылығын азайтып, қаланың дамуына қажетті резерв қалыптастырады. Жобаны дайындаудың маңызды кезеңдерінің бірі – Энергетика министрлігі мен Өскемен ЖЭО арасында инвестициялық келісім жасасу болды.
Жаңа энергоблок қала тұрғындарын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп, Өскеменнің одан әрі дамуына қуат резервін береді. Сонымен қатар жоба жаңа жұмыс орындарын құрады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов атап өткендей, энергетика саласына жаңа қуаттармен қатар, сол нысандарда жұмыс істейтін білікті мамандар қажет.
Жаңа энергоблокты салуда заманауи технологиялық шешімдер мен шығарындыларды тазарту жүйелері қолданылады. Бұл жылу мен электр энергиясын өндіру тиімділігін арттырып, қоршаған ортаға әсерді азайтады.
Жобаны «Қазақстан коммуналдық жүйелері» тобына кіретін «Өскемен ЖЭО» ЖШС Еуразиялық даму банкі мен Halyk Bank қатысуымен жүзеге асырады. Нәтижесінде шамамен 300 тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылумен қамтылып, 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.




