Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Мемлекет басшысы бір топ көрнекті азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ көрнекті азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттап, олардың ел үшін сіңірген еңбегін атап өтті.

Мемлекет басшысы бір топ көрнекті азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады
Сурет: aikyn.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ көрнекті азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, суретші Бәтима Зәуірбекова «Отан» орденімен, әдебиеттанушы Тұрсын Жұртбай I дәрежелі «Барыс» орденімен, мемлекет қайраткері Александр Судьин II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Актер әрі режиссер Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы, ал ауыл шаруашылығы ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Президент марапат иелерін құттықтап, олардың әрқайсысының ел үшін сіңірген еңбегіне жеке-жеке тоқталды. Ол ұлттық мәдениетті дамытуға үлес қосқан Бәтима Зәуірбекованың отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанғанын атап өтті.

– Шығармашылығыңыз жоғары деңгейде мойындалып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Халқымыздың тарихын, бітім-болмысын, ою-өрнегі мен салт-дәстүрін дәріптеуге баса мән бердіңіз. Сіздің туындыларыңыз Алматы және басқа да қалалардың әйгілі ғимараттарына көрік беріп тұр. Туындыларыңыз өз елімізбен қатар шет мемлекеттерде сақталуда. Сіздің еңбектеріңізді әлемге белгілі мамандар өте жоғары бағалайды. Ұлттық өнер жолында салған дара жолыңыз жас буын азаматтары үшін тамаша үлгі-өнеге деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнаған Тұрсын Жұртбайдың төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын атап өтті. Президент оның Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жан-жақты дәріптеуге зор еңбек сіңіргенін, Мұхтар Әуезов пен ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы туралы құнды ғылыми еңбектер жазғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан мемлекет дамуына белсене атсалысқан Александр Судьинге алғыс айтып, оның Парламент Сенатының депутаты, вице-спикер және Сенат аппаратының басшысы ретінде қазақстандық парламентаризмнің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ Президент театр және кино саласында жарты ғасырдан астам еңбек етіп келе жатқан Нұрқанат Жақыпбайдың төл мәдениетімізді өркендету жолындағы еңбегі зор екенін айтып, оның көрерменнің көзайымы болған қойылымдарды сахналап, театр әлемінің майталманы ретінде танылғанын, жас таланттарды өнерге баулып жүргенін жеткізді.

Виктор Хильниченконың агроөнеркәсіп саласын дамытуға қосқан үлесіне тоқталған Президент оның кәсіби жолын агрономдықтан бастап «Хильниченко және К» серіктестігінің басшысына дейін көтерілгенін, Алматы облыстық мәслихатының депутаты ретінде жемісті қоғамдық қызмет атқарғанын атап өтті.

Сөзін қорытындылаған Мемлекет басшысы Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолына түсіп, елімізде түбегейлі өзгерістер жасалып жатқанын айтты. Ол ұлт тағдырын айқындайтын тарихи шешімдер қабылданып, жалпыұлттық референдум өткізіліп, жаңа Конституция қабылданғанын еске салды. Президент көп ұзамай Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтетінін, бұл ел өміріндегі маңызды оқиға болатынын, қазір науқан белсенді өтіп жатқанын және партиялар саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетіп жатқанын атап өтті.