Атыраудағы супермаркетте полицейлер ер адамның өмірін сақтап қалды
Атыраудағы супермаркетте полицейлер Азат Шынбай мен Еркебұлан Қуанғалиев денсаулығы нашарлаған ер адамға көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақыртты.
Атырау қаласындағы дүкендердің бірінде арнайы жасақ қызметкерлері Азат Шынбай мен Еркебұлан Қуанғалиев көмекке мұқтаж болған азаматқа жедел жәрдем көрсетті. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлайды.
Сақшылар сауда нүктесінде қозғалуға шамасы келмей, әлсіреп тұрған шамамен 50–55 жастағы ер адамды байқаған. Олар оның жағдайын сұраған кезде, азамат сөйлесе алмай, көмек қажет ететінін білдірген.

Polisia.kz мәліметінше, біраз уақыттан соң ер адамның денесі қалтырап, халі күрт нашарлай бастаған. Полицейлер оны құлап кетуден сақтап, абайлап жерге отырғызған. Кейін оны оң қырына жатқызып, басын қорғап, тыныс алуын қадағалаған.
Сонымен қатар олар “103” нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыртқан. Медицина қызметкерлері келгенше Азат Шынбай мен Еркебұлан Қуанғалиев азаматтың қасында болып, оның жағдайын бақылап тұрған.
Күнделікті қызметте ерлік әрдайым үлкен оқиғалармен өлшенбейді. Кейде адам өміріне қауіп төнген сәтте абдырамай, дұрыс шешім қабылдап, дер кезінде көмек көрсету – нағыз батылдықтың белгісі. Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекеті олардың кез келген жағдайда азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет етуге дайын екенін көрсетті.




