Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +8° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

14 өңірде аптап ыстық: Қазгидромет 13 тамызға ауа райы болжамын жариялады

Қазгидромет 13 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады: 14 өңірде аптап ыстық, кейбір аймақтарда бұршақ пен дауыл күтіледі, өрт қаупі жоғары.

14 өңірде аптап ыстық: Қазгидромет 13 тамызға ауа райы болжамын жариялады
Сурет: baq.kz

«Қазгидромет» мамандары 13 тамыз, бейсенбі күні еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық сақталатынын, ал кейбір аймақтарда бұршақ жауып, дауыл соғатынын хабарлады.

Синоптиктердің мәліметінше, күндіз Қазақстанның 14 өңірінде қатты ыстық болады. Атап айтқанда, Ақмола облысының оңтүстігі мен шығысында, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде ауа температурасы +35°С-қа дейін көтеріледі. Алматы, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау және Абай облыстарында термометрлер +35+39°С-қа дейін көрсетеді. Жамбыл және Маңғыстау облыстарында +38+42°С, ал Түркістан мен Қызылорда облыстарында +40+43°С-қа дейін ыстық болады.

Өте қатты ыстық Абай, Ұлытау, Қарағанды облыстарының оңтүстігінде, Алматы облысының солтүстігінде, Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында күтіледі — мұнда ауа +40+41°С-қа дейін жетеді.

Ауқымды антициклонның әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр. Тек елдің батысында, шығысында, оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Батыста қатты жаңбыр күтіледі, жекелеген аудандарда бұршақ жауып, дауыл соғуы мүмкін. Республика бойынша жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл, солтүстікте түнде және таңертең тұман болжанады, — делінген «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сонымен қатар еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупі сақталады. Жоғары өрт қаупі Қостанай облысында, Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында, Абай облысының батысы мен шығысында, Шығыс Қазақстан облысының батысы, оңтүстік-шығысы және орталығында, Ақтөбе облысының солтүстігінде, Жамбыл облысының оңтүстігі мен шығысында, Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында, Маңғыстау облысының батысында, Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде, Ақмола облысының солтүстігі мен оңтүстік-шығысында, Павлодар облысының орталығы, оңтүстігі мен шығысында, Қарағанды облысының солтүстігінде, Жетісу облысының солтүстігі мен оңтүстігінде күтіледі.

Төтенше өрт қаупі Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, Ұлытау облысында, Маңғыстау облысының солтүстік-шығысы мен орталығында, Қостанай облысының оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында, Ақмола облысының батысы мен орталығында, Қарағанды облысының батысы, оңтүстігі мен шығысында, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Абай облысының оңтүстігі мен орталығында, Алматы облысының батысы мен солтүстігінде, Жетісу облысының батысы, шығысы мен орталығында сақталады.