Магомед Әдиев Қазақстаннан ұсыныс алғанын, бірақ демалысқа шыққанын мәлімдеді
Магомед Әдиев Қазақстаннан ұсыныс алғанын, бірақ жыл соңына дейін демалыс алатынын мәлімдеді. Ол соңғы рет Беларусьтің «МЛ Витебск» клубын жаттықтырған.
Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Әдиев елімізден жұмыс істеуге шақырту түскенін растады. Дегенмен, 49 жастағы маман әзірге бапкерлікке оралмай, уақытша үзіліс алғысы келетінін жеткізді.
Оның айтуынша, демалыс жыл соңына дейін созылуы мүмкін. «Өзім үшін үзіліс алуды шештім. Ол шамамен жыл соңына дейін созылады. Маған қайта күш жинап, кейбір ойын сәттерін қайта ой елегінен өткізу қажет. Келесі жобаға жаңа эмоциямен және тың көзқараспен кірісуді қалаймын. Ұсыныстар болды, оның ішінде Қазақстаннан да түсті. Бірақ әзірге біраз демалып алуды шештім», – деді ол.
Сондай-ақ бапкер соңғы кездері Ресей клубтарынан нақты ұсыныс түспегенін атап өтті. Оның соңғы жұмыс орны – Беларусьтің «МЛ Витебск» клубы, онда ол биыл сәуірден маусымға дейін қызмет атқарды.
Магомед Әдиев қазақстандық жанкүйерлерге ұлттық құрамамен және Қарағандының «Шахтер» клубындағы жұмысымен жақсы таныс. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңінде тарихи нәтижеге жақындап, соңғы турға дейін чемпионаттың финалдық кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап қалды.




