ОРДАБАСЫДА ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысындағы Шұбар ауылында қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жоба құны 1 млрд теңге, жылына 5 875 тонна өнім шығарылады.
Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында «QAGAZPROM» ЖШС қағаз бен картон қалдықтарын қайта өңдеуге арналған жаңа кәсіпорынның құрылысын бастады.

Жобаға 1 млрд теңге инвестиция салынады. Зауыт 5 гектар жерді алып жатыр. Кәсіпорын іске қосылғанда 20 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Өндіріс қуаты жылына 5 875 тонна өнім шығаруға жетеді. Тәулігіне 190 мың дана жұмыртқа лотогы, стақан ұстағыш және аяқ киім картоны өндіріледі.
Өнімнің 70 пайызы ел ішінде сатылса, 30 пайызы шетелге экспортталады.
Қазіргі уақытта іргетас қалау мен қазаншұңқыр дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін ғимарат жеңіл металл конструкциялар мен сэндвич-панельдерден тұрғызылады. Құрал-жабдықтар Қытайдан жеткізілуде.




