Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +18° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Алматы дәрігерлері 9-қабаттан құлаған әйелді аман алып қалды

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері тоғызыншы қабаттан құлаған 34 жастағы әйелді аман алып қалды. Науқас оныншы тәулікте үйіне шығарылды.

Алматы дәрігерлері 9-қабаттан құлаған әйелді аман алып қалды
Сурет: baq.kz

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың мамандары тоғызыншы қабат биіктігінен құлап, ауыр жарақат алған 34 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалды. Науқас ауруханаға түскеннен кейін небәрі оныншы тәулікте амбулаториялық ем мен оңалтуды жалғастыру үшін үйіне шығарылды.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Оның денесінде бірнеше жарақат, көптеген сүйек сынуы және ішкі ағзалардың зақымдануы болған.

Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға түскен сәтте науқас комада және жарақаттық шок жағдайында болған. Өміріне төнген қауіп жоғары деп бағаланған. Жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізбей тұрып-ақ интубация жасап, шокқа қарсы емді бастаған. Стационарға түскеннен кейін науқасқа қажетті шұғыл медициналық көмек көрсетілді.

Науқасты емдеуге түрлі бағыттағы мамандардан құралған мультидисциплинарлық топ жұмылдырылды. Емдеуге анестезиолог-реаниматологтар, травматологтар, нейрохирургтер, хирургтер, терапевтер, кардиологтар, психологтар мен психиатрлар қатысты. Науқасқа барлық медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында көрсетілді. Реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жағдайы тұрақтандырылып, ауыр шок пен көптеген жарақаттың салдарын жоюға бағытталған ем жүргізілгеннен кейін пациент әрі қарай мамандандырылған ем алу үшін политравма бөліміне ауыстырылды, – дейді Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасының директоры Нұрдос Қадырбеков.

Дайындық жұмыстарынан кейін дәрігерлер науқастың жоғарғы және төменгі аяқ-қолдарына бір мезгілде операция жасады. Екі тәуліктен соң жамбас сүйектеріне хирургиялық араласу жүргізілді.

Емдеудің барлық кезеңінде асқыну қаупі өте жоғары болды. Соның ішінде тромбоэмболия мен май эмболиясының қаупі сақталды. Дегенмен мамандардың бірлескен жұмысы, командалық тәсіл және дұрыс таңдалған емдеу тактикасының арқасында оң нәтижеге қол жеткіздік, – деді №7 қалалық клиникалық аурухананың политравма бөлімінің меңгерушісі Рамазан Аскеров.

Ауруханаға түскеннен кейін жетінші тәулікте науқасқа тік тұруға мүмкіндік беретін оңалту шаралары басталды. Ал оныншы тәулікте оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, әрі қарай ем қабылдау және оңалтудан өту жөніндегі ұсынымдармен үйіне шығарылды.