Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қазақстан жастары: білім, белсенділік және жаңа мүмкіндіктер

Қазақстан жастарының бүгінгі келбеті: білімге ұмтылыс, жұмысқа орналасу, баспана мәселесі, кәсіпкерлік және волонтерлік саласындағы жетістіктері мен өзекті…

Қазақстан жастары: білім, белсенділік және жаңа мүмкіндіктер
Сурет: inform.kz

12 тамыз – Халықаралық жастар күні. БҰҰ деректері бойынша, әлемде 15–24 жас аралығындағы 1,3 миллиард жас бар, бұл адамзат тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстанда 14–35 жас аралығындағы 6 млн 192 мыңға жуық жас тіркелген.

Бүгінгі жастар білімге ұмтылысымен, жаңа технологияларды меңгеруімен және тың идеяларымен ерекшеленеді. Дегенмен олардың қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғалғанда, көбінесе Еуропа мен АҚШ тәжірибесі мысалға алынады. Ал Тәуелсіздіктің 35 жылында қазақстандық жастардың бет-бейнесі қандай? Kazinform осы мәселені жан-жақты зерттеп көрді.

Білім – жастардың басты капиталы

Шоқан Уәлиханов айтқандай, халықтың өркендеуі үшін азаттық пен білім қажет. Бүгінде ел жастарының басым бөлігі сапалы білім алуды мақсат етеді. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мәліметінше, биыл білімді негізгі құндылық санайтын жастардың үлесі 13,8 пайыздан 23,7 пайызға өскен. Өткен жылы жоғары білімі бар жастар саны 655 мыңға жетіп, жалпы үлесі 11 пайызды құрады.

Сурет: inform.kz

Орталық директоры Гүлісхан Нахбаеваның айтуынша, Алматы қаласы көш бастап тұр – жастардың 28 пайызы жоғары білімді. Екінші орында Шымкент (21 пайыз), үшіншіде Астана (19 пайыз). Магистратура мен докторантурада білімін жалғастырушылар да аз емес. 2025 жылғы дерек бойынша, елде 51,4 мың ғылыми қызметкер бар, оның 8,7 мыңы – 34 жасқа толмағандар.

Шетелде білім алып, елге оралғандар

«Болашақ» бағдарламасы 33 жыл ішінде 13 мыңнан астам қазақстандыққа шетелдің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берді. Түлектердің 45 пайызы бизнес саласын, 25 пайызы мемлекеттік секторды, 18 пайызы ұлттық компанияларды таңдаған. Медицинада 790-нан астам, білім саласында 842 маман жұмыс істейді.

Жұмысқа орналасу: мүмкіндіктер мен кедергілер

Еңбек министрлігінің мәліметінше, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеген: 2020 жылы 3,6–4,0 пайыз болса, 2025–2026 жылдары 3,1 пайызға дейін түскен. «Жастар практикасы» жобасына соңғы екі жылда 39 мыңға жуық жас қатысып, 6,5 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан. Дегенмен 2026 жылы NEET жастарының үлесі 5,8 пайызды құрап, 327,9 мың жас осы санатқа кіреді.

Сурет: inform.kz

Ведомство хабарламасында цифрлық технологиялар мен инженерлік мамандықтарға сұраныс жоғары екені, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін кәсіптік бағдарлау шаралары жүргізіліп жатқаны айтылған.

Баспана мәселесі және қолдау шаралары

Өткен жылы 115 мыңнан астам жас шаңырақ көтерген. Отбасы банкінің дерегінше, соңғы бес жылда 35 жасқа дейінгі 145 242 адам баспаналы болған. «Наурыз» бағдарламасы бойынша берілген қарыздардың 60 пайыздан астамын жастар алған. 2026 жылы тұрғын үйге мұқтаж ретінде 570 265 жас тіркелген, ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында – 72 838 адам.

17 өңірде әлеуметтік сала мамандарына арналған бағдарламалар жүзеге асырылады: бастапқы жарна 10 пайыз, несие мөлшерлемесі 5 пайыз. Осының арқасында 12 400 жас отбасы баспаналы болып, жалпы қаржыландыру 258,2 млрд теңгені құрады.

Сурет: inform.kz

Мемлекеттік қызметтегі жас көшбасшылар

Қазір 35 жасқа дейінгі 28 мыңнан астам азамат мемлекеттік қызметте, бұл – мамандардың 33,3 пайызы. Басшылық лауазымдарда 4,3 мың жас жұмыс істейді. Президенттік жастар кадр резервіне төрт іріктеуге 98 мыңнан астам өтінім түскен, 450 адам резервке қабылданып, олардың 78,4 пайызы жұмысқа орналасқан. 2024 жылы өңірлік резервтерге 556 адам іріктеліп, жартысынан көбі жұмысқа тұрған.

Жастар бизнесі: идеядан іске

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 35 жасқа дейінгі 735 835 жеке кәсіпкер тіркелген, оның 94,8 пайызы белсенді жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі сауда (41,8%), қызмет көрсету (18,6%), өңдеу өнеркәсібі (6,1%), ауыл шаруашылығы (4,1%) және құрылыс (3,4%) салаларында.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2021–2025 жылдары жастар кәсіпкерлігін қолдауға 1 трлн теңгеден астам несие берілген. Оның ішінде 13 мың жобаға 725 млрд теңге субсидиялау, 19 мың жобаға 326 млрд теңге кепілдік арқылы бағытталған. 2021–2024 жылдары осы қолдау 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген.

Сурет: inform.kz

Азаматтық белсенділік және волонтерлік

Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, 220 мыңнан астам жас тұрақты түрде волонтерлікпен айналысады, 2020 жылы бұл көрсеткіш 50 мыңға жуық еді. Елде 800-ден астам волонтерлік ұйым бар, алты жыл бұрын олар 200-ге жуық болған. Волонтерлік бастамашыл топтардың саны бес жылда 350-ден 3 500-ге өскен. «Күміс волонтерлер» қатары 6 мың адамға жетіп, сегіз есе артқан.

«Жастар Рухы» Жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арсланбек Мағзұмның айтуынша, ұйым қатарында 100 мыңға жуық белсенді бар. Олар «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» сияқты бастамаларға белсенді атсалысып, саяси мәселелерге де бейжай қарамайды.

Қазақстан жастары спортта да жетістіктерге жетіп, салауатты өмір салтын ұстануға қызығушылығы артқан. Дұрыс тамақтануды маңызды санайтындардың үлесі 22,1 пайыздан 30,9 пайызға өскен. Тәуелсіздіктің 35 жылында ел жастары уақыт талабына сай қалыптасып, білімге ұмтылған, белсенді әрі жаңа мүмкіндіктерге ашық буын ретінде танылып келеді.