Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ұлттық ұлан сарбаздарының қызметі мен тұрмысы жақсарып келеді

Ұлттық ұланның елордалық бригадасында сарбаздардың қызметі мен тұрмысын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Бас қолбасшы жаңартылған нысандарды тексерді.

Ұлттық ұлан сарбаздарының қызметі мен тұрмысы жақсарып келеді

Ұлттық ұланда жауынгерлердің кәсіби шыңдалуымен қатар, олардың күнделікті қызметі мен тынығуына қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріледі. Осы бағытта елордалық жедел бригадада сарбаздардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков 5573 әскери бөліміндегі жаңартылған нысандарды тексеріп, сарбаздарға жасалған мүмкіндіктермен танысты. Алдымен ол жаңадан салынған Жауынгерлік басқару пунктінің жұмысын көрді. Мұнда қызметтік кабинеттер толық жабдықталып, әскери бөлімді тиімді басқаруға қажетті инфрақұрылым жасалған.

Сарбаздардың тұрмысында да айтарлықтай өзгерістер бар. Әскери бөлімдегі монша жаңадан жөнделіп, душ кабиналары ауыстырылған. Сонымен қатар, қызметтен кейін тынығып, күш жинауға мүмкіндік беретін бу бөлмесі ашылған.

Қарауыл қызметіндегі әскери қызметшілер үшін де қажетті жағдайлар жасалған. Жаңартылған нысанда олардың демалып, ұйықтап, тамақтануына арналған орындар ретке келтіріліп, жатын және демалыс бөлмелері мен асхана қайта жаңғыртылды.

Оқу қалашығының жаңаруы сарбаздардың кәсіби дайындығына тікелей әсер етеді. Мұнда әскери қызметшілер қызмет барысында қажет болатын дағдыларын жетілдіріп, алған білімдерін тәжірибеде шыңдайды.

Бұл өзгерістер жауынгерлердің қызметін жеңілдетіп қана қоймай, оны сапалы, қауіпсіз әрі нәтижелі атқаруына мүмкіндік береді. Қызмет өткеруге лайықты орта, заманауи инфрақұрылым және сапалы даярлық – бүгінгі әскердің жаңа келбетінің ажырамас бөлігі.

Бүгінде күн сайын мыңнан астам ұландық сарбаз елорда қауіпсіздігін күзетеді. Олар 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша 611 міндет атқарып, мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушыны анықтаған. Сондай-ақ жауынгерлер қала көшелерінде адасқан балаларды ата-аналарына табыстап, жоғалған заттарды иелеріне қайтарады.