Еліміздегі жол бойындағы сервис нысандарының 94 пайызы стандартқа сай
Қазақстандағы жол бойындағы сервис нысандарының 94 пайызы стандартқа сай. Биыл жаңа инфрақұрылым салынып, электр көліктеріне арналған стансалар кеңейтілуде.
Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар тасжолдар бойында 1 429 сервис нысаны қызмет көрсетуде. Оның 1 340-ы, яғни 94 пайызы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Алдағы жылы бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Биыл жүргізушілер мен жолаушыларға арналған жаңа инфрақұрылым құру аясында қосымша автожанармай құю бекеттерін, қоғамдық тамақтану орындарын және санитариялық-гигиеналық тораптарды салу көзделген. Санитариялық инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігіне баса мән берілуде.
Қазіргі уақытта жол бойында 170-тен астам модульдік санитариялық-гигиеналық торап орнатылған. Сонымен қатар демалыс алаңдары мен аялдама павильондарында тәулік бойы тегін пайдалануға болатын 900-ден астам санитариялық нысан жұмыс істейді.
Бұл нысандарды күтіп-ұстау мен пайдалану олардың меншік иелеріне немесе жалға алушыларға жүктелген. «ҚАЖсервис» ЖШС мен жеке кәсіпкерлер де осы жұмысқа тартылған. Нысандардың тиісті санитариялық және техникалық жағдайын қамтамасыз ету үшін күнделікті жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар елімізде электр көліктеріне арналған инфрақұрылым да дамып келеді. Қазір халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар бойында 67 электр қуаттандыру стансасы жұмыс істейді. Зарядтау желісі көптеген өңірлерді қамтыған, оны кеңейту жұмыстары мердігер ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жалғасуда.
Электромобильдерге сұраныстың артуына байланысты ЭЗС желісін дамыту маңызды. Елді мекендер арасындағы бағыттарда зарядтау стансаларының болуы электр көліктерін қала ішінде ғана емес, өңіраралық ұзақ сапарларда да қолдануға мүмкіндік береді.
Жол бойындағы сервисті жаңғыртуда жеке инвестицияларды тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Көлік министрлігі бизнес өкілдерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа нысандар салу және қолданыстағыларды жаңғырту бойынша жұмыс жүргізуде.



