Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Денсаулық сақтау министрлігі мектеп рюкзагын таңдау бойынша кеңес берді

Денсаулық сақтау министрлігі мектеп рюкзагын таңдау және салмағын бақылау бойынша кеңес берді.

Денсаулық сақтау министрлігі мектеп рюкзагын таңдау бойынша кеңес берді
Сурет: baq.kz

Жаңа оқу жылы қарсаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға мектеп рюкзагын таңдау және оның салмағын бақылау жөнінде ұсыныстарын білдірді. Мамандардың пікірінше, рюкзак таңдағанда оның дизайны мен сыйымдылығынан гөрі баланың бойына сәйкестігіне, арқаға ыңғайлы орналасуына және иыққа түсетін жүктеменің біркелкі бөлінуіне мән беру маңызды.

Министрдің № ҚР ДСМ-76 бұйрығына сәйкес, оқушының күнделікті оқу құралдарының ұсынылатын салмағы жасына қарай белгіленген: 1-3 сынып оқушылары үшін – 2 килограмға дейін, 4-5 сынып – 2,5 килограмға дейін, 6-7 сынып – 3,5 килограмға дейін, 8-11 сынып – 4,5 килограмға дейін. Бұл көрсеткіштер тек оқу құралдарының салмағына қатысты, рюкзактың өзі есепке алынбайды.

Сонымен қатар мамандар оқулықтар мен басқа да құралдар салынған рюкзактың жалпы салмағы баланың дене салмағының 10 пайызынан аспауын ұсынады. Мысалы, баланың салмағы 30 келі болса, толық жиналған рюкзактың салмағы 3 келіден аспағаны жөн.

Рюкзак таңдағанда кең әрі жұмсақ иықбауларға, арқаның дұрыс орналасуын қамтамасыз ететін тығыз арқа бөлігіне, иықбаулардың ұзындығын реттеу мүмкіндігіне, қараңғы уақытта көрінуді арттыратын жарық шағылыстыратын элементтерге және берік әрі су өткізбейтін материалға назар аудару керек. Рюкзактың өз салмағы да маңызды – ол неғұрлым жеңіл болса, балаға түсетін қосымша жүктеме де соғұрлым аз болады. Мамандар бос рюкзактың салмағы 1 килограмнан аспауын ұсынады.

Рюкзак балаға тым үлкен болмауы және белінен айтарлықтай төмен түспеуі тиіс. Артық заттардың рюкзакты ауырлататынын ескеріп, ата-аналарға оның ішін үнемі тексеріп, сабаққа қажет емес ойыншықтар, артық дәптерлер мен кітаптарды алып тастау ұсынылады. Баланы рюкзакты екі иығына қатар асып жүруге үйрету жүктеменің біркелкі бөлінуіне мүмкіндік береді. Мектепте мүмкіндік болса, оқулықтардың бір бөлігін сыныпта қалдыруға болады.

Мамандардың айтуынша, мектепке шығар алдында рюкзакты тексеруге бірнеше минут жеткілікті: артық заттарды алып тастап, иықбауларын реттеп, сөмкенің салмағын бақылау қажет. Негізгі қағида – рюкзак баланың бойына сай әрі ыңғайлы болуы, ал толық жиналған кездегі салмағы оның дене салмағының 10 пайызынан аспауы керек.