Қазақстан Орталық Азия экономикасының жартысынан астамын қамтамасыз етеді
Қазақстан Орталық Азия экономикасының жартысынан астамын қамтамасыз етеді. Жиынтық ЖІӨ 543 млрд доллар, экспорттың 66%-ы Қазақстанға тиесілі.
Орталық Азия елдерінің жиынтық ЖІӨ-сі жарты триллион доллардан асып, оның жартысынан көбі Қазақстанға тиесілі. Бұл туралы The Times of Central Asia басылымы хабарлады.
Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның жалпы ішкі өнімі 543 млрд долларды құрайды. Оның 306 млрд доллары Қазақстанның үлесінде. Салыстырмалы түрде Өзбекстан экономикасы 147 млрд долларға, Түрікменстан 50 млрд долларға, Қырғызстан 23 млрд долларға, ал Тәжікстан 18 млрд долларға бағаланады.
Экспорт көлемі бойынша да Қазақстан көш бастап тұр. Өңір елдерінің жалпы экспорты 139 млрд долларды құраса, соның 92 млрд доллары немесе 66 пайызы Қазақстанға тиесілі. Өзбекстан өңірлік экспорттың 23 пайызын немесе 32 млрд долларын қамтамасыз етсе, Түрікменстан 5 пайызбен 7 млрд долларға, Қырғызстан 4 пайызбен 6 млрд долларға, ал Тәжікстан шамамен 1 пайызбен 1,6 млрд долларға ие.
Шетелдік инвестициялар тартуда да Қазақстан алда. Орталық Азиядағы жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар 220,5 млрд долларға жеткен. Оның 151,3 млрд доллары немесе 68,6 пайызы Қазақстанға тиесілі. Түрікменстан 44,6 млрд доллармен екінші орында, Өзбекстан 16,7 млрд доллармен үшінші, ал Қырғызстан мен Тәжікстанға шамамен 4 млрд доллардан келеді.
Қазақстан өңір экономикасының елеулі бөлігін қалыптастырғанымен, халық саны бойынша төрттен бірін ғана құрайды. Өңірдегі 83,6 млн адамның 21 миллионы немесе 25 пайызы Қазақстанда тұрады. Ал Өзбекстанға халықтың 44 пайызы немесе шамамен 37 млн адам тиесілі.
Қаржылық көрсеткіштер бойынша Қазақстанның резервтері 129,3 млрд долларға бағаланады. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген сыртқы қарыз 34 млрд долларды құрайды. Яғни резерв көлемі сыртқы қарыздан 3,8 есе көп. Бұл өңір елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 24,6 пайызына тең. Шетелден келетін ақша аударымдары ЖІӨ-нің небәрі 0,1 пайызын құрайды. Ал шетелдік көмекке тәуелділік жалпы ұлттық табыстың 0,03 пайызына тең.
Осылайша, Қазақстан Орталық Азия халқының төрттен біріне ие болғанымен, өңір экономикасының жартысынан астамын, экспорттың үштен екісін және тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен 69 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның аймақтағы экономикалық салмағын айқындайды.




