Астанада олимпиада чемпиондарымен бірге 10 мың қадам жүрді
Астанада олимпиада чемпиондары мен жүздеген тұрғын «10 000 қадам» бағытымен жаяу жүрді. Спорт апталығының алғашқы іс-шарасы таңғы жаттығудан басталды.
Астанада таңғы алтыда фитнес-жаттықтырушы Александра Нуркенованың жетекшілігімен ашық жаттығу өтіп, оған жүздеген қала тұрғыны қатысты. Бұдан кейін қатысушылар белгілі спортшылармен бірге 10 мың қадамдық жаяу жүріске шықты.
Шараға Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, сондай-ақ жүлдегерлер Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Ислам Байрамуков және Алмат Кебіспаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова, Денис Никиша қосылды. Жол бойы олар тұрғындармен сұхбаттасып, естелікке суретке түсті, ал соңында фотосессия ұйымдастырылды.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Спорт апталығының осы форматта басталуының символдық мәнін атап өтті. Оның пікірінше, спорт қазақстандықтардың күнделікті өміріне еніп келеді, бұған таңертеңгі жаттығуларға белсенді қатысу дәлел. Министр мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша спорт саласында реформалар жүріп жатқанын, басты назар балалар мен бұқаралық спортқа аударылғанын жеткізді.
«Біздің мақсатымыз – спортты баршаға қолжетімді ету және белсенді, саламатты өмір салтын әрбір қазақстандықтың күнделікті дағдысына айналдыру», – деді ол.
Спорт апталығы жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күніне орай ұйымдастырылады. Ашық жаттығу мен «10 000 қадам» шарасы — мереке қарсаңындағы апталықтың алғашқы іс-шарасы. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде 250-ден астам спорттық шара өтеді: ашық жаттығулар, жүгіру, веложарыс, турнирлер мен фестивальдар.
Министрдің мәліметінше, қазір халықтың 44 пайыздан астамы спортпен тұрақты айналысады, ал балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 34 пайыздан асып, шамамен 1,8 миллион баланы құрайды. 2029 жылға қарай бұқаралық спортпен қамтуды 50 пайызға жеткізу жоспарлануда.
«10 000 қадам» шарасын «Спортшылар кеңесі» ұйымдастырды.




