Астаналық оқушылар Сингапурдағы математика олимпиадасында топ жарды
Астаналық оқушылар Сингапурда өткен халықаралық математика олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды. Әлімжан Көпеев алтын, Әлихан Мұрат қола медаль алды.
Астанадағы Smart Technological School мектебінің оқушылары Сингапурда өткен халықаралық математикалық олимпиадада жоғары жетістікке жетті. Бұл туралы елорда әкімдігінің мәліметіне сілтеме жасаған Aikyn.kz хабарлайды.
Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен ұлттық онлайн іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысып, алтын, күміс және қола жүлделер сарапқа салынды. Астаналық оқушылар халықаралық додада үздіктер қатарынан көрінді.
Smart Technological School мектебінің 5-сынып оқушысы Әлімжан Көпеев абсолютті чемпион атанып, I орын мен алтын медальға ие болды. Ал мектептің тағы бір оқушысы Әлихан Мұрат III орынға ие болып, қола медальмен марапатталды.
Халықаралық олимпиадаға қатысу арнайы шақыру арқылы жүзеге асты. Финалға әлемнің түрлі елдерінен ұлттық онлайн іріктеу кезеңдерінде жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар жолдама алды.
Олимпиада тапсырмалары Сингапурдың озық математикалық білім беру бағдарламасына негізделді. Қатысушылардың математикалық формулаларды білуі ғана емес, күрделі контекстік есептерді талдауы, логикалық ойлауы және алған білімін практикалық жағдайда қолдана білу қабілеті сыналды.
Айта кетерлігі, Smart Technological School мектебінен халықаралық финалға қатысқан екі оқушының екеуі де жүлделі орындарға ие болды. Бұл – оқушылардың пәндік дайындығы мен халықаралық деңгейдегі білім додаларына әзірлігінің жоғары екенін көрсететін нәтиже.




