Астанаға ауыр жүк көліктерінің кіруіне тыйым салынды
Астанаға ауыр жүк таситын транзиттік көліктердің кіруіне тыйым салынды. Енді олар айналма жол арқылы жүруі тиіс. Жеңіл көліктерге шектеу жоқ.
Астана аумағына ауыр жүк таситын транзиттік көлік құралдарының кіруіне тыйым салынды. Енді мұндай көліктер қала ішіне кірмей, айналма жолды пайдалануға міндетті.
Бұл шешім «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 8-бабының 13) тармақшасына сәйкес қабылданған қаулымен бекітілді. Құжатта Астана аумағы арқылы транзиттік автомобиль көлігінің жүру схемасы мен тәртібі айқындалған.
Қаулыға сәйкес, ауыр жүк таситын транзиттік көлік құралдарының қозғалысы «Астана қаласының айналма жолы» автомобиль жолы арқылы жүзеге асырылады. Ал айналма жолдың ішіндегі аумаққа мұндай көліктердің кіруіне тыйым салынады.
Айта кетейік, қала шегінде жеңіл автомобильдердің қозғалысына ешқандай шектеу қойылмаған.




