Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 тамыз 2026, дүйсенбі USD 469,9 EUR 541,6 RUB 5,71 CNY 69,7 Астана +33° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Түркістанда Абай күні аталып өтіп, жастарға «Абай жолы» тарту етілді

Түркістанда Абай күніне орай ескерткішке гүл қойылып, жастарға «Абай жолы» романы тарту етілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйледі.

Түркістанда Абай күні аталып өтіп, жастарға «Абай жолы» тарту етілді

Түркістан қаласында ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым, ардагерлер, мәдениет пен өнер өкілдері, жастар және тұрғындар қатысты.

Салтанатты шараға қатысушылар алдымен ақын рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Жиында сөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысушыларды Абай күнімен құттықтап, ақынның қазақ халқының рухани өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.

– Бүгін Түркістан төрінде рухани мәні бар жиында жолығып тұрмыз. 2020 жылдан бастап Абай Құнанбайұлының туған күніне орай 10 тамыз – «Абай күні» ретінде атап өтіледі. Өткен жылы ақынның 180 жылдық мерейтойы ел көлемінде жоғары деңгейде аталып өтті. Биылда бұл үрдіс жалғасын тауып, Абай шығармашылығын насихаттау бағытындағы шаралар ел аумағында кеңінен ұйымдастырылуда. Абай күні – данышпан ақынның есімін ұлықтайтын ғана емес, халқымыздың рухани жаңғыруын, ұлттық болмысы мен білім-парасатын айшықтайтын мереке. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абай мұрасын ұлықтау – ұлтты ұйыстыратын, жас ұрпақтың санасын тәрбиелейтін маңызды құндылық екенін әрдайым айтып келеді. Сондықтан Абайды тану – өзімізді тану, Абайды оқу – елдің ертеңіне қызмет ету. Ұлы Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп елді бірлікке шақырған. Бұл біздің басты ұстанымымыз болуға тиіс. «Абай күні» құтты болсын! Абай аманатына адал болып, елге адал қызмет ете берейік! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Шара барысында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының оқушылары өнер көрсетіп, Абайдың өлеңдерінен әдеби композиция ұсынды. Сондай-ақ «Көзімнің қарасы» әні орындалды.

Бұдан бөлек, «Абай әлемі: Ойдан – өнегеге» тақырыбында кітап және сурет көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер мен көркем туындылар көпшілік назарына ұсынылды.

Ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен зиялы қауым өкілдері жастарға және қала тұрғындарына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының көптомдығын тарту етті.

Қазіргі таңда Түркістан облысында Абай есімімен 1 ауылдық округ, 4 елдімекен, 110 көше, 15 мектеп аталады. Ұлы ақынның құрметіне 9 ескерткіш, 11 бюст орнатылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүргізілетін болады.