Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 тамыз 2026, дүйсенбі USD 469,9 EUR 541,6 RUB 5,71 CNY 69,7 Астана +33° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қазақстанда 2025 жылы 190 млн-нан астам медициналық қызмет электронды форматта көрсетілді

2025 жылы Қазақстанда 215 млн медициналық қызмет көрсетіліп, оның 88,6%-ы электронды форматта ұсынылды.

Қазақстанда 2025 жылы 190 млн-нан астам медициналық қызмет электронды форматта көрсетілді
Сурет: baq.kz

Қазақстандықтар денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сервистерді белсенді қолдануда. Электрондық анықтамалар, дәрігерге онлайн жазылу және басқа да заманауи шешімдер медициналық көмекті алуды жеңілдетіп, жылдамдатып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елімізде 215 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетілген. Оның 190,8 миллионы, яғни 88,6 пайызы электрондық форматта ұсынылған.

Цифрландырудың маңызды жетістіктерінің бірі – медициналық құжаттарды электронды түрге көшіру. Қазіргі уақытта анықтамалардың 12 түрі цифрландырылған, оның бесеуі тек онлайн рәсімделеді. Өткен жылы азаматтарға 8,5 миллионнан астам электрондық медициналық анықтама берілген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2 есе артық.

Сондай-ақ тұрғындар дәрігерге жазылу үшін цифрлық сервистерді жиі пайдалануда. 2025 жылы онлайн жазылу қызметін 5,6 миллион адам қолданған. Бұл тіркеу бөліміне бармай-ақ мамандардың қабылдауын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Цифрлық шешімдер диагностикалық зерттеулерді күту мерзімін қысқартуға да ықпал етті. Мысалы, ПЭТ/КТ зерттеуін күту уақыты үш айдан екі аптаға дейін азайған.

Денсаулық сақтауды цифрландырудың келесі кезеңі денсаулыққа төнетін қауіптерді ерте анықтау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады. 2026 жылдан бастап халықтың негізгі топтарын цифрлық сүйемелдеу жоспарлануда. Бұл топтарға 18 жасқа дейінгі 7 миллионнан астам бала, репродуктивтік жастағы шамамен 5 миллион әйел және 400 мың жүкті әйел кіреді.

Бұл шаралар ықтимал қауіптерді уақтылы анықтауға, профилактикалық жұмысты күшейтуге және медициналық бақылау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта онлайн брондау қағидаты бойынша дәрігерлердің бірыңғай қабылдау кестесін, e-Health порталын және азаматтарға, медицина қызметкерлері мен ұйымдарға арналған мобильдік қосымшаны іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ кері байланыс тетіктері мен медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін растау құралдары дамытылады. Медициналық анықтамаларды толықтай цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жалғасады.

Цифрландырудың басты мақсаты – медициналық көмекті әрбір азамат үшін қолжетімді, ыңғайлы және оның қажеттіліктеріне бағдарланған ету.