Сарбаз Артём Кудряшов сегіз айда мемлекеттік тілді меңгеріп, Абайды жатқа айтады
Сарбаз Артём Кудряшов сегіз айда мемлекеттік тілді меңгеріп, Абай шығармаларын жатқа айтады. Ол үшін Абай – рухани ұстаз.
Қазақстандық сарбаз Артём Кудряшов сегіз ай ішінде мемлекеттік тілді толық меңгеріп, қазақ әдебиетіне ерекше қызығушылық танытып жүр. Ол бос уақытын Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқуға арнайды. Бүгінде жауынгер ақынның өлеңдерін жатқа айтып, қара сөздерін тұрақты оқуды әдетке айналдырған.
Хәкімнің мұрасы сарбаз үшін тіл үйренудің құралы ғана емес, қазақ халқының дүниетанымы мен рухани болмысын танудың жаңа әлемі іспетті. Әр шығармадан тағылым алып, әрбір қара сөзден өмірлік ой түйген жауынгердің мемлекеттік тілге деген ықыласы күн өткен сайын артып келеді. Қазір оның ең жиі парақтайтын кітаптарының бірі – Абай жинағы. Оған ақынның «Қыс» атты өлеңі айрықша ұнайды.
Абай – рухани ұстаз
Ұлы ойшылдың еңбектері ұлтқа ғана емес, қазақ елін танып-білгісі келетін кез келген жанға рухани бағдар бола алатынын Артёмнің өмірінен де байқауға болады. Ол үшін Абай – тіл мен мәдениетті жақындастырған рухани ұстаз.
Бүгінде қатардағы жауынгер Артём Кудряшов әскери міндетін де жоғары жауапкершілікпен атқарып жүр. Қарауыл қызметін атқаратын жауынгер сеніп тапсырылған нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жауынгерлік міндетін абыроймен орындауда.




