Қазақстанда 10 тамызда 41°C ыстық: өрт қаупі жоғары
Қазгидромет 10 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады. Еліміздің көп бөлігінде +40°C-қа дейін ыстық, төтенше өрт қаупі сақталады.
Қазгидромет 10 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялап, еліміздің барлық өңірінде ескерту жасады. Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық сақталып, кейбір аймақтарда төтенше өрт қаупі төніп тұр.
Ең жоғары температура Қызылорда облысында күтіледі: күндіз ауа +40…+43°C-қа дейін қызады. Түркістан облысында да +40…+41°C ыстық болады. Алматы, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында күндіз +35…+38°C-қа дейін көтеріледі.
Өрт қаупі жоғары аймақтар
Синоптиктердің болжамы бойынша, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан, Атырау, Жамбыл облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағанды облысының шығысы мен оңтүстігінде, Алматы облысының батысы мен солтүстігінде, Ақтөбе облысының батысы, оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және орталығында да төтенше өрт қаупі жарияланды. Шымкент қаласында да төтенше өрт қаупі сақталады.
Жоғары өрт қаупі Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарының кейбір аудандарында тіркелді. Астанада күндіз +35°C ыстық болады.
Жаңбыр мен найзағай күтілетін өңірлер
Жетісу облысының таулы аудандарында күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Алакөл маңында желдің екпіні 23-28 м/с-қа жетеді. Ақтөбе облысының батысы мен солтүстігінде, Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ пен дауыл болады. Атырау облысының батысы, солтүстігі мен шығысында да осындай құбылыс күтіледі.
Алматыда күндіз +35°C қатты ыстық болады. Іле Алатауы тауларында, Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кешке нөсер жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ пен дауыл болады. Түнде және таңертең облыстың батысында тұман түседі.
Айта кетейік, Павлодар облысында биылғы 20-21 шілде күндері жүріп өткен жойқын құйынның кенеттен пайда болуы тұрғындар арасында алаңдаушылық туындатқаны анық. Оның себебін әлі күнге жергілікті адамдар еліміздің оңтүстігінде қолданылған жасанды жаңбыр технологиясымен байланыстырып отыр.




