400 пәтерде үлесі бар қазақстандық мемлекеттік баспана кезегіне тұр
«Отбасы банк» өкілі Азат Әшімов 400 пәтерден үлесі бар азаматтың мемлекеттік баспана кезегінде тұрғанын айтты.
«Отбасы банк» Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Әшімов елордада өткен қолжетімді баспана мәселесіне арналған конференцияда 400 пәтерден үлесі бар азаматтың мемлекеттен үй алуға кезекте тұрғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, азаматтардың келісімінсіз-ақ олардың деректерін түгендеуге мүмкіндік алғаннан кейін, 400 пәтерден үлесі бар адам анықталған. Бұған дейін ол өз деректерін тексеру үшін түгендеу жүргізуге келісім бермеген.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін азаматтың соңғы бес жыл ішінде меншігінде баспанасы болмауы керек. Алайда көптеген қазақстандықтың жеке баспанасы болмағанымен, пәтерлерде үлесі бар. Мысалы, бір пәтердің үштен біріне, жетіден біріне немесе бестен біріне иелік етеді.
Мұндай үлестердің көбі 1990-2000 жылдары ата-аналарының баспанасын жекешелендіру кезінде пайда болған. Ол кезде пәтерді жекешелендіруге қатысты құжаттарға ата-анасымен бірге балаларының да аты-жөні енгізілген. Ол балалар бүгінде есейіп, кәмелет жасына жетті. Соның нәтижесінде тұрғын үй кезегіне тұру құқығына ие болды. Бірақ ата-анасының пәтеріндегі үлестері сол күйі өздерінде сақталып қалды.
Осы мәселе талқыланғаннан кейін билік пәтердегі немесе үйдегі үлес 50 пайыздан аспауы керек деген шешім қабылдаған. Дегенмен кейін тұрғын үй кезегіне қою тәртібін одан әрі қатаңдатуға тура келген.
«Бізде үш пәтері бар, бірақ олардың әрқайсысының үштен біріне ғана иелік ететін азаматтар болды. Яғни үлес 50 пайыздан аспауы керек деген талап оларға тұрғын үй кезегіне тұруға мүмкіндік берді», – деді ол.
Оның сөзінше, осы жағдайдан кейін жаңа талап енгізілген. Енді азаматтың үлесі 50 пайыздан аспаса да, ол тек жалғыз баспанасындағы үлес болуы керек.
21 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде 1 миллионнан астам адам тұр.




