Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

124 теміржол вокзалы жаңғыртылуда: 100 нысан дайын

Қазақстанда 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында 100 нысанда жұмыс аяқталды.

124 теміржол вокзалы жаңғыртылуда: 100 нысан дайын
Сурет: aikyn.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда 124 теміржол вокзалын реконструкциялау мен қайта жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 100 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған.

Жоба елдің барлық өңірінде жолаушылар инфрақұрылымын кешенді түрде жаңартып, азаматтарға заманауи, әрі қауіпсіз жағдай жасауды көздейді. Нысандардың техникалық жағдайына қарай кейбір ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілсе, өзге елді мекендерде жаңа жолаушылар кешендері бой көтерді.

Бірқатар вокзалда ғимарат аумағы кеңейтіліп, көтергіш құрылымдар күшейтіліп, конкорстар салынды. Сондай-ақ жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары қайта жаңғыртылды.

Жаңғырту барысында барлық нысанда шатыр мен қасбет жаңартылып, кәріз, су, жылу, электрмен жабдықтау және байланыс жүйелері ауыстырылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, іргелес аумақтар абаттандырылды.

Вокзалдар заманауи жиһазбен, навигациялық жүйелермен, желдету және ауа баптау қондырғыларымен, бейнебақылау, өрт және күзет дабылдарымен, кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталуда. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылуда.

Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға айрықша мән беріледі. Вокзалдар пандустармен, лифтілермен, көтергіш құрылғылармен, тактильді навигациямен, қызметкерлерді шақыру түймелерімен, бейімделген санитарлық бөлмелермен және ақпараттық көрсеткіштермен қамтамасыз етілуде.

Бұл бағдарлама жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, теміржол инфрақұрылымын жаңартуға және азаматтардың сұранысына сай заманауи кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.